Енді FlyArystan жолаушылары 7 келі қолжүкпен ұша алады

Қазақстандық лоукостер FlyArystan 2026 жылғы 1 наурыздан бастап тегін қолжүк нормасын ұлғайтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әуекомпанияның мәліметінше, FlyArystan жолаушылары бұрынғы бес келінің орнына салмағы жеті келіге дейінгі қолжүкті тегін алып жүре алады. Қолжүктің өлшемдері өзгеріссіз қалады — 56×23×36 см.

Бұл шешім жолаушылар сұранысының құрылымын, операциялық үдерістерді және әуе тасымалдаушылар нарығындағы тәжірибені ескерген кешенді бизнес-талдау нәтижесінде қабылданған. Жаңа ережелер 2026 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді және осы күннен кейін орындалатын рейстерге рәсімделген барлық әуебилеттерге, оларды сатып алу уақытына қарамастан, қолданылады. Ал 2026 жылғы 28 ақпанға дейін (қоса алғанда) орындалатын рейстерде бұрынғы талап сақталады — бір жолаушыға бес келіге дейінгі қолжүк, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар FlyArystan «біртұтас қолжүк» қағидатын сақтайтынын атап өтті: жолаушы белгіленген салмақ пен өлшем талаптарына сай бір ғана қолжүк алып жүре алады.