Астанада TikTok желісіндегі жалған «емші» сотталды

Астанада TikTok әлеуметтік желісінде өзін «емші» ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған қала тұрғыны сотталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, ол TikTok-та өзін экстрасенсорлық қабілеттері бар адам ретінде көрсетіп, түрлі ауруды емдей алатынын айтып, қызмет ұсынған.

Әлеуметтік желі арқылы жәбірленушілердің бірінің денсаулығына қатысты мәселелері бар екенін білген күдікті өзін ерекше қабілетке ие тұлға ретінде таныстырып, ақылы түрде «ем жүргізуге» көндірген. Нәтижесінде жалған «емші» үш жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 миллион теңгеден астам қаржыны алаяқтық жолмен иемденген. Алынған қаражаттың букмекерлік кеңселерге жұмсалғаны анықталды, — делінген хабарламада.

Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, келтірілген материалдық шығынды ішінара өтеген. Сот үкімімен ол екі жыл төрт ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.