Қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар өңірде жол жабылды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ел аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі ахуалы туралы ақпарат жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

2026 жылғы 2 ақпан сағат 08:00-дегі жағдай бойынша ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше өңірде көлік қозғалысы уақытша шектелді.

Батыс Қазақстан облысында:

  • «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» автожолының 273–393-шақырымы (Барбастау ауылы – Жымпиты ауылы);

  • «Атырау – Орал» автожолының 371–492-шақырымы (Чапаев ауылы – Орал қаласы) учаскелерінде қозғалыс тоқтатылды.

Қызылорда облысында:

  • «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 1522–1806-шақырымы аралығында (№99 станциядан Қызылорда қаласына дейін) көлік қозғалысы шектелді.

Аталған жол учаскелерін шамамен 2 ақпан сағат 12:00-де ашу жоспарланып отыр.

Павлодар облысында

«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы көпір өткелінің шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жол айрығы учаскесінен Қалқаман ауылына кіреберіс және Астана бағытына шығатын жол жабылды.

Шығыс Қазақстан облысында

Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Бұл шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46–66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс аяқталғанға дейін сақталады.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын мұқият тексеруге және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.