Ақтөбе облысында ауа райының күрт суытуына байланысты барлық мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына көшті.
Сонымен қатар колледждердің 1–2 курс студенттері де бүгін онлайн білім алады.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 28 қаңтар күні 1–11 класс оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 1–2 курс білім алушылары қашықтан оқиды. Өңірде мектептер дүйсенбі күнінен бастап жабылып, сабақтар онлайн форматта ұйымдастырылған. Бұл шешім қатты аязға байланысты қабылданды.
Синоптиктердің мәліметінше, облыста бүгін күн ашық болады. Солтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-шығысқа ауысып, жылдамдығы секундына 5–10 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде –25…–30 градус, облыстың оңтүстігінде –21 градусқа дейін, ал күндіз –13…–18 градус аяз күтіледі.
Ақтөбе қаласында күн аздап бұлтты болады. Түнгі уақытта ауа температурасы –26…–28 градус, күндіз –13…–15 градус аяз болады деп болжанып жатыр.
