Не болды?
Бүгін Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Конституция жобасының мәтіні жұртшылыққа ұсынылды. Baribar.kz негізгі өзгерістерді жазып отыр.
Кіріспе
Жаңа редакциядағы преамбула «Біз, біртұтас Қазақстан халқы» деген сөзбен басталады. Ал бұрынғы нұсқада «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп жазылған еді.
Жаңа нұсқада құндылық пен бағдарлар егжей-тегжейлі сипатталған. Мемлекет болу, Ұлы Дала тарихы, «Заң мен Тәртіп» қағидаты, азаматтың құқығы мен бостандығы, бірлік пен ынтымақ, этносаралық келісім, мәдениет, білім, ғылым, инновациялар және табиғатты аялау мәселелері жазылған.
Басқару формасы өзгермейді
Конституцияның бірінші және екінші баптары өзгерді. «Жалпы ережелер» деген бірінші бөлімнің атауы «Конституциялық құрылымның негіздері» деп аталды. Бірінші баптан қызмет қағидаттары туралы тармақ алынып тасталды. Екінші баптан Астанадағы қаржы саласындағы ерекше құқықтық режим туралы норма жойылды.
Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару формасының өзгермейтіні туралы норма енді.
Қос азаматтық
Жаңа жобада азаматтың басқа мемлекеттің азаматтығы болса, Қазақстан азаматтығы тоқтатылатыны жазылған. Бұл ереже 12-бапта көрсетілген.
Қарулы күш қолдану
Конституцияның жаңа жобасында Қазақстанның халықаралық саясаттағы негізгі қағидаттарын айқындайтын бапқа өзгеріс енген. Бұрынғы заңда Қазақстанның қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартатыны туралы норма тікелей көрсетіген еді. Жаңартылған нұсқада бұл тұжырым алынып тасталған.
Діни ұйымдар
Діни ұйымдар туралы бап Конституциядан толық алынып тасталды. Бұрын 6-баптың 5-тармағында шетелдік діни ұйымдардың қызметін мемлекеттік органдармен келісу талабы болған. Енді ол шетелден қаржы алатын коммерциялық емес ұйымдарды қаржыландыру туралы ақпаратқа арналады.
Адам құқығы
Жобада адам құқығын шектеуге болатын жағдайлар нақтыланған. Енді адам құқығы мен бостандығы — басқа адамдардың құқығы мен бостандығын бұзбауға, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығына және қоғамның адамгершілік қағидаттарына зиян келтірмеуге тиіс. Бұрынғы Конституцияда құқық пен бостандық алу үшін басқаның денсаулығына зиян келтірмеу керек деген норма болмаған.
Неке
Жаңа Конституция жобасында неке — ер мен әйелдің арасындағы заңды түрде тіркелген, ерікті әрі тең құқықты одақ деп жазылған. Бұрын ол 27-бап еді. Қазір 30-бап болып өзгерді.
- балаларға қамқорлық жасау, оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі міндеті екені;
- кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқор болуға міндетті екені;
- мемлекет неке, отбасы, ана, әке және баланы қорғауға міндетті екені өзгеріссіз қалды.
Құқықтық көмек
Қазақстан Конституциясының жаңа жобасынан «әркімнің тегін заң көмегін алуға құқығы бар» деген норма алынып тасталды. Енді азамат өзіне заңгер жалдауға мүмкіндігі болмаса ғана, оған тегін құқықтық көмек берілуі мүмкін.
Табиғатты қорғау
Енді азамат табиғатты қорғауға міндетті. Бұл талап қоршаған ортаны қорғау туралы бапқа қосылған (енді 31-бап емес, 34-бап). Оның бірінші тармағында былай жазылған:
«Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға, табиғи байлыққа қамқорлықпен қарауға міндетті».
Білім берудің зайырлылығы
Білім беру туралы нормалар нақтыланды. Міндетті білім беру енді тек орта білімді емес, бастауыш деңгейді де қамтиды. Ал жүйе «зайырлы» деп аталған.
Вице-президент
Жаңа Конституция жобасында вице-президенттің мүмкіндіктері мен міндеттері айқындалған. Президент қызметі мерзімінен бұрын тоқтаса, оның барлық жауапкершілігі вице-президенттің мойынына өтеді.
Құрылтай
IV бөлімдегі заң шығарушы билік туралы мәтін толықтай қайта жазылған. Екі палаталы Парламенттің орнына «Құрылтай» деген біртұтас орган құру ұсынылды. Ол парламенттік, кадрлық және бақылау жұмысын атқарады.
Мемлекеттік қызметке сайлану
Жаңа жобада «сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар» деп айыпталған тұлғаларға мемлекеттік қызметке сайлануына тыйым салынған.
Президент болуға үміткерге қойылатын талаптар
Президент болуға үміткерге қойылатын талап күшейді. Енді үміткердің кемінде бес жыл мемлекеттік қызмет істеген жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.
Халық кеңесі
Жобаға Халық кеңесі енді. Бұл жаңа орган азаматтардың мүддесін білдіріп, Құрылтайда жаңа бастамалар ұсына алады.
Өзгерістер тек референдум арқылы енеді
Енді Конституцияға өзгеріс пен толықтыру тек референдум арқылы енеді. Бұрын президент өзгерістерді парламент қарауына референдумсыз ұсына алатын.
Тіл мәселесі
Конституцияның 7-бабындағы тілге қатысты үш тармақ өзгеріссіз қалған. Жаңа жобада ол 9-бап болып берілген.
- Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі.
- Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
- Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
Конституция реформасына халық та өтініш бере алады. Қалай?
Бұл мәтін — әзірше жұртшылыққа жолданған ұсыныс. Әр азамат Конституцияның жаңа жобасына ұсыныс жолдай алады. Бұл үшін:
- Еgov мобайл қолданбасына кіресіз;
- жоғарғы бөліктегі «Конституцияға өзгеріс ұсыну» деген жерге кіресіз;
- «сипаттама» деген жерге ұсыныс жазасыз.
