Өскеменде екінші дәрежелі қолайсыз ауа райы үшінші күн қатарынан сақталуына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 30 қаңтардан бастап бірінші және екінші ауысымда оқитын оқушылар онлайн режимде білім алады. Шешім балалардың денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында қабылданған.
Мамандардың айтуынша, қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде зиянды ластаушы заттар атмосферада ұзақ уақыт сақталып, қаладағы ауа сапасы тұрақсыз күйде қалады.
Қолайсыз ауа райы жағдайында оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы – басты назарда. Осыған байланысты уақытша қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылданды, — делінген хабарламада.
Онлайн сабақтар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, оқу үдерісі толық көлемде жалғасып жатыр. Білім басқармасы ата-аналарды ауа сапасы жақсарғанға дейін мамандардың ресми хабарламаларын қадағалап отыруға шақырды.
