1 ақпаннан бастап мектептерде ерекше бақылау енгізіледі

1 ақпаннан бастап Қазақстандағы барлық білім беру ұйымында «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі.

Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Премьер-министр кейінгі жылдары балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған заңнамалық база кеңейтілгенін атап өтті.

Сонымен қатар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі 111 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қызмет атқарады. Ал 1 ақпаннан бастап енгізілетін тексерулер балалардың сауықтырылуы, қауіпсіздігі және тамақтану сапасына қатысты болады, — деді үкімет басшысы.

Осыған байланысты премьер-министр денсаулық сақтау, оқу-ағарту, мәдениет, еңбек және әлеуметтік қорғау, туризм және ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, 30 қаңтарға дейін ерекше бақылауға алынатын нысандардың тізімін әзірлеуді тапсырды.