Щучинскіде қазандық істен шығып, тұрғындар жылусыз қалды

Щучинск қаласының Институт шағын ауданы қазандықтағы апат салдарынан жылусыз қалды.

Аязда қаладағы №20 қызметтік қазандық істен шығып, төтенше жағдай тіркелген. Апатқа байланысты коммуналдық қызметтер жылу беруді уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Соның салдарынан бірнеше тұрғын үй жылусыз қалып, тұрғындар қақаған суыққа тап болды.

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға үндеу жасап, болған жағдайға байланысты кешірім сұрады.

№20 қызметтік қазандықта апатты жағдай орын алды. Соған байланысты Институт шағын ауданына жылу беру уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта барлық күш пен ресурстар апатты жоюға бағытталды, – деді аудан әкімі.

Әкімнің айтуынша, жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр, мамандар ақауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жоюға күш салып жатыр. Жағдай жергілікті биліктің бақылауында, жылу беру жақын арада қайта қалпына келтіріледі.