Боран мен аяз: республикалық маңызы бар жол жабылды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автожолдардағы жағдай туралы мәлімет жариялады.

Компанияның мәліметінше, 2026 жылғы 22 қаңтар сағат 08:00-дегі жағдай бойынша қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар өңірде дизель қозғалтқышымен жүретін көліктер мен қоғамдық көліктің қозғалысына шектеу қойылды.

Қозғалыс шектеулері Қостанай және Ақмола облыстарындағы бірнеше республикалық автожол учаскесінде енгізілді. Сонымен қатар Павлодар облысында «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолындағы көлік айрығының шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» айрығы учаскесінде Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша жабылды.

Жол қызметтері жағдайды бақылауда ұстап отыр. Жүргізушілерге алыс жолға шықпас бұрын жол жағдайын нақтылап алу ұсынылады.