Алматыда мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған стратегиялық маңызды нысан – Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығының (ИАҰҒО) салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Жаңа орталық COVID-19 пандемиясы кезінде анықталған олқылықтарды ескере отырып, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің дайындық деңгейін арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және білікті кадрлар даярлау мақсатында салынды. 350 төсек-орынға есептелген мекеме жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен туберкулезбен ауыратын 2,5 мың науқасқа емдеу және диагностикалық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Аида Балаева орталықтың маңызын атап өтті.
Бұл орталық президент тапсырмасымен ұлт денсаулығын нығайту және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бой көтерді. Мұнда ғылым, заманауи технология және болашақ мамандарды даярлау біртұтас жүйеге айналды. Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және отандық медициналық ғылымды дамытуға зор үлес қосады деп сенемін, – деді премьер-министрдің орынбасары.
Сонымен қатар Аида Балаева кейінгі жылдары елде әлеуметтік инфрақұрылымның қарқынды дамып жатқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, кейінгі екі жылда Қазақстанда 695 медициналық нысан, 614 мың орынға арналған 419 мектеп салынған. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, сонымен бірге оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берген. Бұдан бөлек, 237 спорт және 61 мәдениет нысаны пайдалануға берілген.
Іс-шара барысында қатысушылар орталықтың бөлімшелерін аралап, инфрақұрылымымен және заманауи медициналық жабдықтарымен танысты. Сонымен қатар медицина қызметкерлерімен кездесу өтті.
Айта кетейік, Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы қысқа мерзімде салынған. Мұнда клиникалық көмек көрсету, ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру және цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері қарастырылған. Орталық балалар мен жүкті әйелдерге де медициналық қызмет көрсетеді. Төтенше жағдай кезінде мекеме қуатын 500 төсек-орынға дейін арттыруға болады.
ИАҰҒО инфекциялық және паразиттік ауруларды, соның ішінде дәріге төзімді туберкулез түрлерін диагностикалау мен емдеудің толық циклін қамтитын, ұлттық деңгейдегі ғылыми және практикалық база ретінде жұмыс істейді.
