Не болды?
Биылғы 18 қаңтардан бастап жасанды интеллект жасаған кез келген өнімнің арнайы «таңбасы» болуы шарт. Бұл заңға былтыр мемлекет басшысы қол қойған еді.
Мәлімет
ЖИ туралы заңның 21-бабы бойынша, фото-видео, аудио немесе мәтін ЖИ арқылы жасалса, қолданушы бұл туралы анық әрі түсінікті түрде ескертуге тиіс. Жаңа заң бойынша:
- контентті таңбаламау жасанды интеллект саласындағы реттеудің негізгі қағидатына – ашықтық пен жауапкершілікке қайшы келеді;
- ЖИ-ді қолдану адамды шатастырмауға немесе шындықты бұрмаламауға тиіс;
- адамның шешім қабылдау құқығына басымдық беріледі.
Контентті таңбалауға қарапайым қолданушылар емес, ЖИ жүйелерінің иесі жауапты. Демек, OpenAI (ChatGPT), Google (Gemini), xAI (Grok) немесе отандық Higgsfield сияқты платформалар өніміне автоматты түрде таңба қосу тетіктерін енгізуге тиіс.
Уәкілетті орган әрбір жеке суретті немесе бейнені тексермейді. ЖИ жүйесі иесінің жұмысын қадағалайды. Ашық ресурсты, ресми арна, азаматтардың өтініші мен шағымына мән береді.
