Шымкентте қыз баланың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің тергелуін ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды.
Бұл туралы ведомствоның ресми хабарламасында айтылды.
Министрлік мәліметінше, Шымкент қаласы полиция қызметкерлері тарапынан уақтылы шаралар қабылданбауы мүмкін деген уәждерге байланысты қызметтік тексеру тағайындалған. Аталған тексеру аясында құқық қорғау органдарының әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Істі жан-жақты әрі объективті тергеу мақсатында тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы тергеу-жедел тобы құрылды.
Қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан барлық тергеу әрекетінің нәтижелері бойынша күдіктінің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріледі. Тергеу-жедел іс-шаралар барысында барлық мәліметтер, оның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар мұқият тексеріліп, талданып жатыр, – делінген хабарламада.
Еске салайық, Шымкент қаласында Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында аса қатыгез қылмыс жасалды. Пышақ жарақатынан 21 жастағы бойжеткен қаза болды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бойжеткенді өлтірді деген күдікті ер адамды ұстады.
