Азаматтық алу үшін тапсыратын тест мерзімдері белгілі болды

Не болды?

Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлер үшін тестілеуге өтініш қабылдау 3–10 ақпан аралығында жүргізіледі. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығы хабарлап отыр.

Мәлімет

Қазақстан азаматтығын алу үшін тест тапсыратын үміткер қазақ тілін, конституцияның негіздерін, Қазақстан тарихын білуге тиіс. Өтінішті ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қолданбасы арқылы беруге болады. Тестілеу 11 ақпан күні өтеді. Емтихан үш бөлімнен тұрады:

  • қазақ тілі бойынша тест — 30 тапсырма, шекті балл — 15;

  • Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде) — 40 тапсырма, шекті балл — 20;

  • Қазақстан тарихы бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде) — 30 тапсырма, шекті балл — 15.

Ең жоғары балл — 100, шекті балл — 50.

Тестілеу уақыты — 2 сағат 10 минут. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін тестілеу уақытына қосымша 30 минут беріледі.

Тестілеуге қатысу құны — 14 693 теңге.

Дайындығын жақсартқысы келетін үміткерлер үшін ақылы тестілеу бар (app.testcenter.kz сайтындағы «Пробное тестирование» бөлімінде — 3355 теңге).

Контекст

Бұған дейін «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға өзгерістер енгізілгені хабарланған. Егер адам мемлекеттік тілді, ҚР Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын бастапқы деңгейде білмесе, азаматтыққа қабылдаудан немесе оны қалпына келтіруден бас тартылуы мүмкін.