«ҚазАвтоЖол»: Бірнеше өңірде жол қозғалысы қайта ашылды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2026 жылғы 13 қаңтар сағат 08:00-дегі жағдай бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың ахуалы туралы ақпарат таратты.

Мәлімет бойынша, еліміздің бірнеше облысында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс қалпына келтірілген.

Атап айтқанда, Павлодар, Абай, Қарағанды, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында ондаған маңызды бағыттарда жол ашық. Бұл қатарда Қытай және Ресей шекарасына апаратын халықаралық маңызы бар трассалар да бар. Павлодар мен Семей, Астана мен Павлодар, Өскемен мен Ресей шекарасы арасындағы негізгі көлік дәліздері арқылы қозғалыс қамтамасыз етіліп жатыр.

Сонымен бірге ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір учаскелерде шектеулер енгізілді. Ақмола облысындағы «Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» автожолында жылдамдық 140 км/сағаттан 90 км/сағатқа дейін төмендетілді.

Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуында тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына уақытша тыйым салынды. Бұл шектеу қыс мезгілі аяқталғанға дейін сақталады.

Бұдан бөлек, «Астана – Шідерті – Павлодар – РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығында көпір құрылымының зақымдануына байланысты елді мекенге кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша жабылған.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын нақтылап алуды және қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да