ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Batys Hub инновациялық орталығына барып, оның қызметімен танысты.
Batys Hub — өңірде цифрлық дағдыларды дамытуға, стартаптарды қолдауға және мықты IT-қоғамдастық қалыптастыруға бағытталған аймақтық инновациялық алаң. Орталық жаңа жобалардың пайда болуына және технологиялық кәсіпкерліктің дамуына қолайлы орта құрып отыр.
Хабтың негізгі миссиясы — білім алуға, стартаптарды іске қосуға, пікірлес адамдармен байланыс орнатуға және аймақтық технологиялық қозғалыстың бір бөлігі болуға мүмкіндік беретін толыққанды IT-экожүйе қалыптастыру.
Batys Hub өз жұмысын 2023 жылғы наурыз айында Jaiq Hub атауымен бастаған. Ал 2025 жылғы 6 қазанда орталықтың мәртебесі ресми бекітіліп, Batys Hub атауымен ребрендиң жүргізілді. Бұл қадам аймақтық брендті нығайтып, орталықтың миссиясын кеңейткен жаңа даму кезеңі ретінде бағаланып отыр.
Сапар барысында депутат цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.
Депутаттардың өңірлерге сапардағы ең басты мақсаты – мәжілісте атқарылған жұмыстарды талқылау және сайлаушылармен кері байланыс орнату. Бүгін танысып отырған Batys Hub – цифрландыру дәуіріндегі аса маңызды нысандардың бірі. Мемлекет басшысы биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Онлайн төлемдер мен цифрлық қызметтер күнделікті өмірімізге еніп жатыр. Мұндай орталықтар денсаулық сақтау, білім беру секілді салалардағы көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, — деді Снежанна Имашева.
Қазіргі таңда Batys Hub-та 20-ға жуық маман жұмыс істейді. Олардың бірқатар жобалары халықаралық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсеткен. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, құрылыс және балалар денсаулығы бағытындағы жобалар таныстырылып, олардың қоғамға тигізер пайдасы мен коммерциялық әлеуеті сөз болды.
