Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтыр маусым айында жұбайы Айзат Жұманованы азаптап өлтірген Айбар Жанболатты 14 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл туралы жоғарғы соттың ресми парақшасында хабарланып отар.
Қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі — «Адам өлтіру» дерегі бойынша қаралған.
Соттың анықтауынша, 2025 жылғы 22 маусымда түнгі сағат 00:00 шамасында Айбар Жанболат алкогольдік масаң күйде жұбайын үй ауласынан қақпа сыртына шығарып, оның өмірлік маңызды мүшелеріне бірнеше рет соққы жасаған. Әйел ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған.
Сотталушының кінәсі сараптамалармен, куәлардың айғақтарымен және тергеу материалдарымен толық дәлелденді, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша ең жоғары жаза — 15 жыл. Сотталушы бұрын сотты болмаған және кінәсін ішінара мойындаған. Алайда қылмыстың алкогольдік масаң күйде жасалуы ауырлататын мән-жай ретінде танылған.
Осыны ескере отырып, сот Айбар Жанболатты 14 жылға соттап, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтеуді белгіледі.
