Атырау облысында бір учаскеде қозғалыс қайта ашылды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автожолдардағы ахуалға қатысты ақпарат таратты.

Компанияның хабарлауынша, 2025 жылғы 9 қаңтар сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Атырау облысында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қандыағаш – Доссор – Атырау – РФ шекарасы» автожолының 710–778-шақырым аралығында (Аққыстау кенті – Зинеден ауылы учаскесі) көліктің барлық түрі үшін қозғалыс ашық.

Жабық жол учаскелері:

Шығыс Қазақстан облысында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46–66-шақырымында (Северное ауылы – Серебрянск қаласы аралығы) қыс мезгілі аяқталғанға дейін сақталады.

Сонымен қатар «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығы учаскесі уақытша жабылды. Бұған жолайрықтағы көпір құрылымының шеткі арқалықтарының зақымдануы себеп болған. Қазіргі уақытта Қалқаман кентіне кіреберіс және Астана бағытына шығатын жол жабық.

Жол қызметтері жүргізушілерге алыс сапарға шығар алдында жол жағдайын алдын ала нақтылауға кеңес береді.