Алматыда Жаңа жыл мерекесі күндері қоғамдық тәртіп сақталып, аса ауыр немесе төтенше оқиғалар тіркелген жоқ.
Бұл туралы Алматы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов мәлімдеп отыр.
Оның айтуынша, 15 желтоқсаннан бастап қалада полицияның жеке құрамы күшейтілген режимге көшірілген. Құқық қорғау органдары адам көп жиналатын орындарға — алаңдарға, саябақтарға, жаңажылдық шыршалар орнатылған аумақтарға, сонымен қатар мәдени-бұқаралық іс-шара өтетін орындарға ерекше бақылау орнатқан.
1–4 қаңтар аралығында Алматыда 45 қылмыс тіркелген, оның 32-сі патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың күшімен «ізі суымай» ашылған. Сонымен қатар қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін аса ауыр қылмыстар мен өрескел құқық бұзушылықтарға жол берілмеген.
Полиция мәліметінше, мереке күндері әдетте жиілейтін бұзақылық, сонымен бірге тұрмыстық және отбасылық-тұрмыстық жанжалдар көбірек тіркелген. Барлық хабарламаға құқық қорғау органдары жедел ден қойған.
