БҚО-да қар құрсауында қалған 18 адам құтқарылды

БҚО-да күрделі метеорологиялық жағдайға байланысты төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді.

Бұл туралы ТЖД хабарлап отыр.

Қазталов, Тасқала, Ақжайық және Теректі аудандарында қар құрсауында қалған жол учаскелерінен 18 адам, оның ішінде үш бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Құтқарылғандар арасында зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта облыс аумағында ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бір учаскесінде жүк көліктері мен автобустардың қозғалысына шектеу енгізілді. Сонымен қатар облыстық маңызы бар үш жол учаскесі уақытша жабық.

ТЖД тұрғындарды алыс жолға шықпауға, ауа райы туралы ресми ақпаратты қадағалап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.