Күннің жылынуына байланысты Астанада мұз айдындары жабылды

Астанада ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты Есіл өзенінің жағалауында орналасқан мұз айдындары мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қардың еруіне байланысты Есіл жағалауындағы мұз айдындары мен сырғанақтар Жаңа жыл мерекесі күндері жабық болады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы орта есеппен 22 сантиметр, ал кейбір аумақтарда 35–37 сантиметр болады.

Осыған байланысты күн жылынған кезеңде өзен үстімен жүру қауіпті. Тұрғындардан сақтық шараларын қатаң сақтауды сұраймыз, — делінген хабарламада.

Қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік талаптарын сақтап, рұқсат етілмеген жерлерге шықпау ұсынылады.