Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ішкі істер министрлігі еліміз бойынша «Құқықтық тәртіп», «Шырша» және «Пиротехника» атты жедел алдын алу іс-шараларын өткізіп жатыр.
Бұл туралы ПД хабарлап отыр.
Аталған іс-шаралар 20 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін жалғасады.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты — мереке күндері қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау. Полиция мерекенің тыныш әрі оқыс оқиғаларсыз өтуі үшін өзге де мемлекеттік қызметтермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Құқық қорғау органдары көшелерде, аулаларда, сауда орындарында және адамдар көп жиналатын жерлерде патрульдеуді күшейтті. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің, көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау жасалып, алкоголь, есірткі және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымының жолы кесіліп жатыр. Алдын алу және түсіндіру жұмыстары жасөспірімдер мен жастар арасында да жүргізіліп жатыр.
Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды дұрыс қолданбаудың салдарынан жарақат алу, өрт шығу және жазатайым оқиғалар саны арта түсетіні белгілі. Осыған байланысты полиция өртке қарсы қызметпен бірлесіп, пиротехниканың заңды айналымына ерекше бақылау жүргізіп жатыр.
Биыл 4 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, шамамен 500 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 8 мыңнан астам сертификатталмаған және қауіпті пиротехникалық өнім тәркіленді.
Полиция пиротехникалық бұйымдарды тек ресми сауда орындарынан сатып алуға, сәйкестік сертификатын тексеруге, қолдану нұсқаулығын мұқият оқуға және жарамдылық мерзіміне назар аударуға шақырады. Сонымен қатар мерзімі өткен пиротехниканы қолдануға және оны балалардың ересектердің бақылауынсыз пайдалануына қатаң тыйым салынады.
Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау — өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.
