«АрселорМитталТеміртау» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Тергеу «АлбаСтройДор» ЖШС директоры С. Кимге қатысты жүргізіліп жатыр. Агенттіктің мәліметінше, 2015 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында домна шлагын қайта өңдеу туралы келісімшарт жасалған. Алайда бұл шарт қайта өңдеу қалдықтарына билік ету құқығын қарастырмаған. Соған қарамастан, С. Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімдігін пайдаланып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жүйелі түрде жымқыру схемасын ұйымдастырған. Ұрланған өнімді кедергісіз шығару үшін қылмыстық схемаға өзара байланысты күзет ұйымы — «Күзет» ЖШС тартылған. Компания қызметкерлері автокөліктерді тиісті тексерусіз өткізіп отырған, — делінген хабарламада.
Агенттіктің мәліметінше, жымқырылған мүлік С. Кимнің бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы заңдастырылған. Заңсыз әрекеттер нәтижесінде жалпы көлемі 31 мың тоннадан асатын, құны 1,8 миллиард теңгеден көп өнім ұрланған.
Күдікті сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
