Не болды?

Биыл қазақ халқы тұтас бір дәуір көшінен айрылды. Baribar.kz еліміз мәңгіге қоштасқан алып азаматтарды еске алды.

Мұрат Сыдықұлы

Танымал күйші, сазгер, ақын Мұрат Сыдықұлы 6 қаңтар күні 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 1940 жылы Арал ауданы, Бөген ауылына қарасты «Қарашалаң» елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген.

Мұрат Сыдықұлы
Фото: Informburo.kz

Мұрат Сыдықұлы 1958-1959 жылдардан бастап ән, күй-толғау, өлең-жыр жаза бастаған. Өзі — республикалық, халықаралық өнер байқауларының лауреаты. Оның «Қайдасың сен?», «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Шалқи бер, дала», «Аққуым менің» және тағы басқа әндері мен «Арал толқыны», «Әке арманы», «Қайран ағалар», «Балдыз», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Қос тұйғын» сияқты күйлері бар. Бұл шығармаларды Қазақстан композиторлар одағы жоғары бағалаған. Көп туындысы облыстық, республикалық радио, телевидениенің «Алтын қорында» сақталған.

Мұхтар Мағауин

Мұхтар Мағауин — Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлық лауреаты. Жазушы 10 қаңтарда 85 жасқа қараған шағында АҚШ-тың Мериләнд штатындағы үйінде дүниеден өтті. Ол 1940 жылғы 2 ақпанда Абай облысы, Аягөз ауданы, Баршатас ауылында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.

Мұхтар Мағауин, жазушы
Фото: Magauin.com

Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-71 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

Мұхтар Мағауин «Көкмұнар» (роман, 1972), «Бір атаның балалары», «Көк мұнар» (повестер мен әңгімелер), «Аласапыран» (тарихи роман-дилогия, 1980-1982), «Шақан Шері» (роман), «Мен» (ғұмырбаяндық роман-хамса), «Құмырсқа-қырғын» (әңгімелер) сияқты және тағы басқа кітаптар жазған.

Мекемтас Мырзахметұлы

Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы 11 қаңтарда 95 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол 1930 жылғы 9 мамырда Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында туған.

Мекемтас Мырзахметұлы
Мекемтас Мырзахметұлы. Фото: Z-taraz.kz

Профессор Абай мұрасын терең зерттеп, оны Жүсіп Баласағұн мен Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымымен сабақтастыра талдаған. «Абай» энциклопедиясын құрастыруға қатысқан. Мұхтар Әуездің 20 томдық және 50 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығаруға елеулі үлес қосқан.

Мекемтас Мырзахметұлы – 1930 жылдардағы қазақ даласында болған ашаршылықтың куәсі. Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өтіп кеткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жастағы Мекемтасты алып, көрші ауылға жолға шығады. Жолда аш қасқырларға тап болған екен. Сонда анасы қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып кетуге мәжбүр болған.

Дулат Исабек

Жазушы, драматург Дулат Исабек 21 ақпан күні 83 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол 1942 жылғы 20 желтоқсанда Түркістан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Сол жылы жазушының «Жолда» деген алғашқы әңгімесі Қазақстан жазушыларының «Замандастар» жинағына енді. «Шойынқұлақ» әңгімесі «Лениншіл жас» газетіне жарияланып, оқырман қауымға кеңінен танылды.

Дулат Исабек
Дулат Исабек. Фото: Isabekov.com

Жазушы «Гауһар тас», «Дермене», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын», «Ақырамаштан наурызға дейін», «Бонапарттың үйленуі», «Кемпірлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшісі» секілді шығармалары жазған. Повестері мен әңгімелері неміс, қытай, түрік, өзбек, ағылшын және басқа да тілдерге аударылып, шетел оқырмандарына да кеңінен танылды.

Дулат Исабек шығармаларының негізінде «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тіршілік» повесі бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) көркем фильмдері түсірілді. «Әпке» пьесасының желісімен телесериал шыққан.

Болат Бопайұлы

Жазушы, этнограф Болат Бопайұлы 19 наурызда 65 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол 1960 жылы Қытай Халық Республикасындағы Алтай аймағында дүниеге келген. 1986 жылы Іле педагогикалық университетін, 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. «Шыңжаң жастар-өрендер баспасында» редакторлық қызмет атқарған.

Болат Бопайұлы
Болат Бопайұлы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Қазақтың алғысы мен қарғысы», «Қазақ ырымдары» деген кітаптары қазақ және орыс тілінде жарық көрген. Этнографтың «Қазақ мінезі», «Қазақ кәдесі», «Қазақы түс жору», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақтың гүл мәдениеті», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ аспан есебі» сияқты оннан астам кітабы бар.

Талғат Мұсабай

Талғат Мұсабай — ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы. Ол 4 тамыз күні 74 жасында өмірден өтті. Ол 1951 жылғы 7 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарғалыауылында дүниеге келген.

Талғат Мұсабаев
Фото: Рarlam.kz

Ол – ғарышқа ұшқан екінші қазақ. Ғарышқа үш мәрте ғарышқа ұшқан. Гиннес кітабына бір ай ішінде бес рет «30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққан» деп енген. Кейін қоғам қайраткері әрі сенатор болды.

Күләш Ахмет

Күләш Ахмет — ақын, мемлекеттік сыйлық иегері. Ол14 қараша күні 80 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ақын 1946 жылғы 25 сәуірде Қырғызстанда туған. Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген.

Күләш Ахмет
Күләш Ахмет. Фото: Әдебиет порталы

Күләш Ахмет — мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Оның өлеңдері әлемнің көп тілдеріне аударылған.

Ақын «Сен — менің бақытымсың», «Жапырақ – жаздың жүрегі», «Күн шыққанда күліп оян», «Бақытты болыңдар», «Менің сәулелі сәттерім» сияқты кітап пен өлең жазған.

Асанәлі Әшім

Театр және кино актеры, қазақ сахнасының абызы Асанәлі Әшімұлы 21 желтоқсанда 88 жасында қайтыс болды. Ол 1937 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген.

Асанәлі Әшім
Асанәлі Әшім. Фото: Нұрназар Әмзе

Асанәлі Әшім көрермен есінде «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан рөлімен қалды. Оған қоса «Атаманның ақыры» фильмінде Шадияров, «Трансібір экспресі» фильмінде Қасымханов рөлімен танымал болды.

Жұрт актермен 23 желтоқсанда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында қоштасты.

Нұрлан Сегізбай

Нұрлан Сегізбай — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист, кинодраматург. Ол 27 желтоқсанда 75 жасқа қараған шағында ауыр дерттен көз жұмды. Биылғы сәуір айында актер ауыр дертке шалдыққаны белгілі болған еді.

Нұрлан Сегізбай
Нұрлан Сегізбай. Фото: Сultura.kz

Нұрлан Санжарұлы 1951 жылғы 28 қаңтарда дүниеге келген. Ол – кеңес және қазақ киноактері, сценарист, кинодраматург, жазушы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты. Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі.

Ол «Бату хан», «Жошы – кү­т­пеген қонақ» тарихи ро­мандарын, «Қызыл қар» повестер жинағын, «Періште» деген кітап жазған. Қалың көрерменге «Менің атым — Қожа» фильміндегі бас рөл Қожа арқылы есте қалған.

Тек олар емес…

  • ҚР Еңбек сіңірген әртісі, актриса, композитор Дариға Тілендікеліні (Нұрғиса Тілендінің жары) 11 наурыз күні 79 жасқа қараған шағында;
  • көрнекті жазушы, драматург Әкім Тарази 22 сәуір күні 92 жасқа қараған шағында;
  • академик, ғалым Сейіт Қасқабасов 28 сәуірде 85 жасқа қараған шағында;
  • Қазақстанның халық жазушысы, ақын Темірхан Медетбек 10 мамыр күні 81 жасқа қараған шағында;
  • Қазақстанның халық жазушысы, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай 18 шілдеде 85 жасқа қараған шағында;
  • актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ хандығы» фильміндегі Керей хан рөлімен есте қалған Қайрат Кемал 18 шілде күні 68 жасқа қараған шағында;
  • суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлық иегері, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Ағымсалы Дүзелханұлы (теңгенің дизайнын жасаған авторлардың бірі) 21 тамыз күні 74 жасқа қараған шағында;
  • журналист, жазушы, қоғам қайраткері Қайым-Мұнар Табей 10 қыркүйек күні 69 жасқа қараған шағында;
  • қаламгер, Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Мұрат Тастағанов 17 қазан күні 72 жасқа қараған шағында;
  • жазушылар одағының мүшесі, көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұрат 30 қазан күні 67 жасқа қараған шағында;
  • филолог, әдебиет сыншысы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы болған Ғалым Доскен 11 қараша күні 65 жасқа қараған шағында;
  • ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, мемлекет қайраткері Жабайхан Әбділда 3 желтоқсан күні 93 жасқа қараған шағында қайтыс болды.