Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ адамға мемлекеттік награда берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының өзі 36 адамға берілді.

ҚР Президентінің жарлығымен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар, — делінген хабарламада.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі, ән өнерін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін Роза Рымбаеваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы — «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі кен-өндіріс кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Мәкішевке берілді. Бұл туралы бұған дейін де хабарлаған едік.

«Отан» орденімен жазушы Ілия Жақанов, Alageum Electric холдингтік компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Сайдолла Қожабаев, Ақтөбе облысы «Казхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң кен байыту комбинатының директоры Виктор Тиль, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының көмекшісі, ҚР Президенті Іс басқарушысының бірінші орынбасары Абай Бисембаев, І дәрежелі «Барыс» орденімен Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ғалым және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, жазушы Төлен Әбдікұлы, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бас ғылыми қызметкері Мекемтас Мырзахметұлы, «Бөбек» балалар қорының президенті Сара Назарбаева, опера әншісі Бибігүл Төлегенова, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен ақын Марфуға Айтхожа, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы жанындағы Су шаруашылығы мәселелері бойынша ғылыми-ақпараттық орталығы қазақ филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен ақын, Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ президенті Қайрат Беркінбаев, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев, Парламент Сенатының депутаты Төлеубек Мұқашев, жазушы Қойшығара Салғараұлы және басқалар марапатталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 36 көрнекті өкіліне берілді, олардың арасында белгілі әншілер Тамара Асар мен Димаш Құдайберген, ғалым Асқар Жұмаділдаев, киноактер Нұрлыбай Есімғалиев, дирижер Ренат Салаватов және басқалар бар.

Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері мен өндіріс саласы өкілдерінің тағы бір тобы «Парасат» орденімен бағаланды. Олардың арасында Шымкент орыс драма театрының басшысы Игорь Вербицкий, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» РҚБ төрағасы Жүрсін Ерман, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сейіт Қасқабасов, «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» ЖШС директоры Қайрат Қойлыбаев, Солтүстік Қазақстан облысы «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Қалдыбек Сәбденов, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының артисі Кендебай Темірбайұлы және басқалар бар.

ІІ дәрежелі «Достық» орденіне Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешендер және ингуштер қауымдастығы басқармасының мүшесі Юсуп Келигов, айтыс ақыны Әселхан Қалыбекова, «Айнұры» татар-башқұрт мәдени орталығы төрағасы Амир Халиков, Қарағанды LITUANICA ҚБ төрағасы Виталий Тварионас және басқалар ие болды.

«Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында ақын Орысбай Әбділдаев, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Гүлзат Дәуірбаева, танымал боксшы Виталий Демьяненко, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетова, «Милосердие» ерікті қоғамы» қайырымдылық қорының директоры, ҚР балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин және тағы бір топ азамат бар.

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 72 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері атанды. Әскери және қызмет борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Наградталғандардың тізімі баспасөзде жарияланады.