Астанада Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған плац-концерт өтті

2025 жылғы 23 желтоқсанда Астанада Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған плац-концерт өтті. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында орналасқан AlemAI күмбезі астында даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған плац-концерт ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестрі мен рәсімдік бөлімшесі қатысты. Іс-шара батырдың ерлігі мен Отанға адал қызмет ету жолындағы өнегесін ұлықтауға арналды.

ҚР мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы Бауыржан Момышұлының есімін әрдайым ардақтап, оның ерлік рухын қызметтік дәстүрдің негізі ретінде ұстанады. Батыр бейнесі қызметтің жекелеген бағыттарының символикасында батылдық пен Отанға адалдықтың жарқын үлгісі ретінде көрініс тапқан.

Плац-концерт барысында президенттік үрлемелі аспаптар оркестрі, жеке орындаушылар және «Абырой» тобы патриоттық әндер орындады. Сонымен қатар ҚР МКҚ «Айбын» президенттік полкінің рәсімдік бөлімшесі, «Сардар» және «Көкжал» арнайы мақсаттағы бөлімшелері қарумен көрсетілетін қойылым ұсынды.

Қойылымның негізгі өзегі – батыр Бауыржан Момышұлының рухына тағзым ету. Ол Батыр бейнесінің өміршеңдігін, оның рухы әрбір Отан қорғаушының бойынан табылатынын білдіреді. Бұл – бірнеше буын жауынгерлерінің сабақтастығын, еліміздің өткені мен бүгінінің үзілмес байланысын айқындайтын көрініс.

Концерт барысында «Елім деп соқсын жүрегің», «Рух», «Сауыт» сынды танымал патриоттық әндермен қатар, ҚР мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің солистері орындаған жаңа «Көк аспан» әні де көпшілікке ұсынылды.