Адам ағзаларын саудалаған әйел Қазақстанға жеткізілді

Адам ағзаларын заңсыз саудалаған Украина азаматы Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы бас прокуратура хабарлап отыр.

Тергеу деректері бойынша, күдікті 2017–2018 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет етіп, заңсыз трансплантация схемасына қатысқан. Оның міндетіне донорлар мен реципиенттерді іздеу, олардың кездесулерін ұйымдастыру, ағзаларды сатып алу-сату және трансплантациялау операцияларын құпия түрде өткізуге жағдай жасау кірген.

Жалпы алғанда, қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында және шетелдерде тірі адамдардың ағзаларын заңсыз пайдалануға қатысты 56 мәміле жасаған. Бұл операциялар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылған.

Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып, бес жыл бойы халықаралық іздеуде болған. Биылғы жылдың наурыз айында ол Польша шекарасын кесіп өтпек болған сәтінде ұсталып, Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айыпталған қылмыстар бойынша оған мүлкін тәркілеу арқылы сегіз жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін осы қылмыстық топтың тағы екі мүшесі Түркия мен Ресейден Қазақстанға қайтарылған.