Қазақстандағы кейбір республикалық жолда қозғалыс шектелді

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ел аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат таратты.

Компания мәліметінше, 2025 жылғы 22 желтоқсан күні сағат 08:00-ден бастап Батыс Қазақстан облысында барлық көлік түрі үшін «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» автожолының 273–393-шақырым аралығында (Жымпиты кенті – Барбастау кенті) қозғалыс қайта жанданды.

Қозғалысқа шектеу енгізілген учаскелер:

Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46–66-шақырым аралығында (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) қыс мезгілі аяқталғанға дейін сақталады.

Жабық жолдар:

Қолайсыз ауа райына байланысты Алматы облысында республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда барлық көлік түрі үшін қозғалыс тоқтатылды:

  • «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 25–67-шақырымы (ақылы учаске, Қонаев қаласы маңы);

  • «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолының 24–136-шақырымы (ақылы учаске, Шелек ауылы маңы).

Алдын ала мәлімет бойынша, аталған жолдар 22 желтоқсан күні сағат 11:00-де қайта ашылады.

Жүргізушілерге жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын нақтылап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес беріледі.