Машина жасау мен азық-түлік өндірісі өсім көшін бастады

2025 жылғы қаңтар–қараша айларында Қазақстан экономикасының өсімі 6,4% болды. Бұл туралы үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Министрдің айтуынша, экономикалық өсімнің негізгі драйверлері – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы. Өнеркәсіп саласындағы өсім 7,3%-дан 7,4%-ға дейін жеделдесе, ауыл шаруашылығы 6,1% артқан.

Сонымен қатар нақты сектордың басқа бағыттарында да тұрақты даму байқалады. Атап айтқанда, көлік саласы 20,3%-ға, құрылыс 14,7%-ға, ал сауда көлемі 8,8%-ға өскен.

Өнеркәсіп ішінде машина жасау саласы көш бастап тұр – 5,9%. Бұл бағыттағы өндіріс көлемі 11,6%-ға артқан. Бұдан бөлек, азық-түлік өндірісі 8,7%-ға, химия өнеркәсібі 8,1%-ға, мұнай өңдеу саласы 6,5%-ға өсті.

Серік Жұманғарин бұл көрсеткіштер ауқымды мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тек «Бәйтерек» холдингі арқылы басым салаларды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асқан.

Экономика сыртқы сын-қатерлерге бейімделіп, тұрақты даму жолына шықты. Бұл әлеуметтік міндеттемелер мен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды, – деді министр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да