Қазақстанда мереке күндері әуе рейстерінің саны артады

Әуежайлар мен әуе компаниялары мереке күндері жұмысты күшейтіп, қосымша 100 рейсті іске қосады. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлап отыр.

Мереке қарсаңында сұраныстың артуына байланысты келесі бағыттар бойынша 100 қосымша рейс ұйымдастыру жоспарланып отыр:

  • Астана – Алматы,
  • Алматы – Орал,
  • Алматы – Семей,
  • Астана – Түркістан,
  • Астана – Ақтөбе,
  • Алматы – Ақтау,
  • Алматы – Ақтөбе,
  •  Астана – Шымкент.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен өткен кеңесте осы мәселе пысықталды. Оған Air Astana, FlyArystan, SCAT, VietJet Qazaqstan әуе компанияларының, сонымен қатар Астана және Алматы қалалары әуежайлары басшылығы қатысты. Ластаев авиация инспекторларына мерекелік күндері мониторингтік топтар құруды тапсырды.

Әуе компаниялары мен әуежайларға:

  • үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін әуе кемелерінің резервін және қосымша жерүсті техникасын қарастыру;
  • персонал құрамын тәжірибелі мамандармен күшейтіп, рейстер кешіктірілген жағдайда жолаушыларға қызмет көрсету аясында ыстық тамақ пен сусындардың берілуін қамтамасыз ету;
  • рейстер кешіккен жағдайда жолаушыларды ресми сайттар, әлеуметтік желілер, мобайл қолданбалар, әуежайлардағы ақпараттық таблолар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел хабардар ету тапсырылды.

Әуе компаниялары мен әуежайлар қабылдап жатқан барлық шара, ең алдымен, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты объективті себептермен туындайтын рейстердің кешігуіне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, — делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да