«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ел аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат таратты.
Қарағанды облысында ауа райының нашарлауына байланысты «KAZ01 Астана – Қарағанды – Алматы» тасжолының 92–164-шақырымында (Ақмола облысы шекарасы – Теміртау қаласының терминалы) барлық көлік түрі үшін жылдамдық шегі 80 км/сағатқа дейін төмендетілді.
Ақмола облысында «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналып өту жолы) – Петропавл – РФ шекарасы» автожолының 19–231-шақырымында (Астана – Щучинск БӨП) қозғалыс жылдамдығы 60 км/сағатпен шектелді. Сонымен қатар «KAZ01 Астана – Қарағанды – Алматы» жолының 30–92-шақырымында да жылдамдық 80 км/сағатқа өзгертілді.
Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына уақытша тыйым салынды. Бұл шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46–66-шақырымында қыс мезгілі аяқталғанға дейін сақталады.
Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының Қалқаман елді мекеніне кіреберісі мен Астанаға шығатын бағытында барлық көлік түрі үшін қозғалыс уақытша тоқтатылды. Қозғалыс балама бағыттар арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Жол қызметтері жүргізушілерді алыс жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын ескеріп, қозғалыс шектеулері туралы ақпаратты қадағалауға шақырады.
