2026 жылғы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл толады. Осы тарихи датаға орай Алматыда бірқатар ауқымды мәдени-ғылыми іс-шаралар өтеді.
Мерейтой күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы ұйымдастырылады. Іс-шара барысында театрдың ғасырлық тарихы, шығармашылық жолы мен бүгінгі дамуы талқыланады. Сонымен қатар театр музейі «Ғасыр жасаған Ұлт театры» атты көрмені көпшілік назарына ұсынады.

Ал кешкі сағат 19:00-де М. Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясы қойылады. Айта кетерлігі, дәл осы шығарма 1926 жылы қазақ кәсіби театрының шымылдығын алғаш ашқан тарихи спектакль болатын. Көрсетілім аясында «Ұлттық театрдың бастауы – «Еңлік – Кебек» қойылымы» атты музейлік көрме де өтеді.
1926 жылы Қызылорда қаласында құрылған театр бір ғасыр бойы ұлттық руханияттың алтын қазығына айналды. Осы сахнада «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» секілді халқымыздың рухани жауһарлары қойылып, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Театрдың негізін қалаған Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Әміре Қашаубаев сынды алып тұлғалардың аманатын бүгінгі буын лайықты жалғастырып келеді.
