«Саламатты Қазақстан» дәрігерлері өңірлердегі қабылдаулар нәтижесі бойынша елдегі аурушаңдық картасын жасады

Елдің түкпір-түкпіріндегі шалғай елді мекендерде жұмыс істейтін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлері халықтың аурушаңдық құрылымында айқын өңірлік айырмашылықтардың бар екенін атап өтті. Тұжырымдар шамамен 96 мың пациентті қабылдау және диагностикалау нәтижелеріне негізделген.

Биыл жобаның аясында 95 812 адам медициналық көмек алды. Оның ішінде 41 167-і – ер адамдар, 54 645-і – әйелдер. Дәрігерлер балалар денсаулығына ерекше көңіл бөліп отыр. Қабылдауға келгендердің 27 642-сі – балалар.

«Саламатты Қазақстан» дәрігерлері

Мамандардың айтуынша, Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде онкологиялық аурулар жиі анықталады. Дәрігерлер мұндай үрдіс ересек тұрғындар арасында скринингтік бағдарламаларды, профилактикалық тексерулер мен ерте диагностиканы күшейтуді талап етеді.

Оңтүстік өңірлерде созылмалы жұқпалы емес аурулар басым. Науқастар көбіне қант диабеті, артериялық гипертония және семіздік бойынша жүгінеді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл өмір салтына байланысты жүйелі мәселелерді көрсетеді және тұрғындармен профилактикалық жұмысты кешенді түрде жүргізуді қажет етеді.

Балалар денсаулығы да жеке зерттеуді талап ететін маңызды бағыттардың бірі. Мамандардың мәліметінше, балалар арасында тыныс алу жүйесінің, ас қорыту жүйесінің және неврологиялық аурулар жиі кездеседі. Бұл мәселе әсіресе солтүстік пен шығыста айқын сезіледі, сондықтан педиатриялық көмекті, алдын алу шараларын күшейту қажет.

Батыс өңірлерде жедел респираторлық-вирустық инфекциялар мен пневмония, жүрек аурулары мен гипертония, екінші типтегі қант диабеті, асқазан-ішек жолдары аурулары, сондай-ақ тері инфекциялары жиі тіркеледі. Бұған қоса, бұл өңірде жарақаттану деңгейі жоғары, оны дәрігерлер өнеркәсіптік аймақтың ерекшеліктерімен және еңбек жағдайымен байланыстырады.

Дәрігерлер аурушаңдықтың жыныстық және жас ерекшеліктеріне де назар аударып отыр. Мәселен, ересектер арасында екінші типтегі қант диабеті әйелдерде жиі анықталады. Бұл профилактикалық және диагностикалық шараларды жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс маңызды көрсеткіш.

«Саламатты Қазақстан» дәрігерлерінің айтуынша, жинақталған деректер көшпелі медицинаның және алдын алу шараларының маңызын көрсетеді. Медициналық пойыз ауыл тұрғындарына көмек көрсетумен қатар, халықтың денсаулық жағдайы туралы нақты картина қалыптастыруға, қауіп факторларын ерте кезеңде анықтауға және әр өңір үшін тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Саламатты Қазақстан» медициналық-құқықтық пойызы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.