Жамбылда сумен жабдықтау бойынша 12 жоба жүзеге асырылып жатыр

Жамбыл облысының ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арнаулы мемлекеттік қорға қайтарылған активтер есебінен 15,4 миллиард теңге бөлінді.

Бұл туралы үкімет хабарлап отыр.

Қазіргі уақытта өңірде сумен жабдықтау бойынша 12 жоба арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен іске асырылып жатыр. Оның ішінде төрт нысан толық пайдалануға берілген, ал қалған сегіз жобада құрылыс жұмыстары жалғасып, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Үкімет мәліметінше, алғашқы нәтижелер айқын:

  • Жамбыл ауданындағы Қызылшарық, Жаңаөткел және Жұма ауылдары толық ауыз сумен қамтылды;

  • 300-ден астам тұрғыны бар Талас ауданының Қараой ауылында алғаш рет орталықтандырылған су құбыры іске қосылды.

Аталған жобаның жалпы құны 933,4 миллион теңге, оның 106,7 миллион теңгесі тікелей арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген.

Жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс 8 нысан облыстың шалғай аймақтарында орналасқан. Құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сай жүріп жатыр.