Алматы әкімі «Медеудегі» жаңарту жұмыстарымен танысты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «Медеу» биік таулы спорт кешеніне барып, жаңарту жұмыстарымен танысты. Қала басшысы жаңғырту кезінде Алматының спорттық және мәдени мұрасының бір бөлігі саналатын аңызға айналған мұз айдыны кешенінің тарихи келбеті толық сақталатынын айтып өтті.

Жоба аясында халықаралық стандартқа сай заманауи әрі энергия үнемдейтін кеңістік ашу жоспарланған. Бұл үшін жаңа тоңазытқыш жабдығын орнату және инженерлік коммуникацияны толық ауыстыру көзделген.

Медеу, жаңарту
Фото: Алматы әкімдігі

Шығыс қанаттағы қонақ үй жаңарып, батыс трибунада кофеханалар мен демалыс аймағы орналасқан терраса жасалады. Кешен алдында жерасты паркиң үстінде SUN-DECK деген көпфункционалды қоғамдық кеңістік форматындағы демалыс аймағы салынады.

Іргелес аумақты көркейтуге ерекше көңіл бөлінген: жаяу жүретіндер аймағы, шолу алаңдары және панорамалық нүктелер жасалады. Сонымен бірге көгалдандыру, заманауи және сәулеттік жарық беру орнатылады. Мүгедектігі бар азаматтар үшін екі жеделсаты қарастырылған.

Медеу, жаңарту
Фото: Алматы әкімдігі

«Медеу» биік таулы спорт кешенін жаңарту жұмыстарын 2027 жылы төртінші тоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.