БЖЗҚ есебінен көз емдеуге тыйым салынды

Не болды?

Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинақтарын стоматология қызметтеріне ғана емес, офтальмологияға да пайдалануға тыйым салды. Бұл туралы «Отбасы банк» хабарлап отыр.

Мәлімет

Отбасы банктың Enpf-otbasy.kz платформасы арқылы біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен офтальмология қызметтерін төлеуге өтінім қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Осы уақытқа дейін қабылданған өтінімдер өңделіп, қаралады.

Офтальмология қызметтеріне өтінім қабылдауды тоқтату — денсаулық сақтау министрлігінің шешімі. 2025 жылғы 3 желтоқсанда осындай бұйрық шықты, – деп хабарлады «Отбасы банк».

Банк қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, стоматология қызметтеріне өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін офтальмология бағыты бойынша өтініштер күрт өскен. 15 қыркүйекке дейін айына орта есеппен 174 өтінім мақұлданса, стоматологияға шектеу енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш айына 1264 өтінімге жеткен.

Алаяқтық схемалар

Банк қызметкерлері бірнеше күдікті жағдайды анықтады. Әртүрлі клиенттен бір офтальмология емханасымен жасалған келісімшарттар келіп түскен. Ал құжаттарда клиниканың мекенжайы әр қалада әртүрлі көрсетілген. Тексеру барысында бұл мекенжайларда ондай емхана жоқ екені анықталды, – деген банк хабарламасында.

БЖЗҚ қорындағы ақшаны қалай пайдалануға болады?

Азаматтар зейнетақы жинақтарының артығын мынадай өмірлік маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады:

  • орфандық ауруларды емдеу;

  • реконструкциялық және қалпына келтіру операциялары;

  • радионуклидтік және радиойодтерапия;

  • радиохирургиялық ем;

  • протон терапиясы.

Контекст

Естеріңізге салайық, 2025 жылғы 15 қыркүйектен кейін зейнетақы жинағының артығын стоматология қызметіне қолданбау үшін өтінім қабылдау тоқтаған еді.