Отбасы банк: мемлекеттік сыйлықақы туралы 5 сұрақтың жауабы

ипотека, үй
Иллюстрация: Pixabay.com

Жылдың аяқталуына екі аптадай уақыт қалды. Бұл кезде Отбасы банкіндегі депозитіне тұрақты түрде ақша аударып жүргендер мен бұл жөнінде енді ойлана бастаған азаматтар мемлекеттік сыйлықақы тақырыбына көбірек қызығады.

1. Мемлекеттік сыйлықақы деген не?

Жыл сайын Қазақстан азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы ынта-ықыласын қолдауғареспубликалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Бұл Отбасы банкінің салымшыларына әр жылдың қорытындысы бойынша салымына жинаған сомасына сыйлықақы түрінде есептеледі.

Мемлекеттік сыйлықақы жыл сайын күнтізбелік жыл қорытындысы бойынша беріледі. Қаражат әр жылдың басында депозиттің бәріне бір уақытта аударылады.

2. Мемлекеттік сыйлықақының көлемі қанша?

Бұл – депозитке бір жыл ішінде аударған ақшаңыздың 20%-і. Дегенмен мемлекеттік сыйлықақының жоғарғы шегі бар – 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі жинақ ақшасына беріледі. 2022 жылы бұл – 612 600 теңге.

Шотыңызға аударылған қаражат осы сомаға жетсе, келер жылы мемлекеттік сыйлықақының ең жоғары мөлшерін – 122 520 теңге аласыз.

 

3. Депозитті толықтыру мерзіміне қатысты қандай талап бар?

Депозитті толықтыру мерзіміне қатысты нақты талап жоқ. Салымшы депозитін ай сайын – қаңтардан желтоқсанға дейінгі аралықта толтыра алады немесе желтоқсанда өзінің шотына 200 АЕК-ке тең соманы бірден сала алады.

Клиент қазір де депозит ашып, оны жыл соңына дейін толтырса, мемлекеттен сыйлықақы алуға үлгереді.

Биылғы 30 желтоқсан сағат 18:00-ге дейін (Астана уақыты) депозитті жаңадан ашып немесе дайын тұрған шотқа жарна салуына болады. Кейін мұның бәрі 2023 жылғы қаңтарда есептеледі де, сол жылдың алғашқы айларында шотыңызға сыйлықақы түседі.

4. Белгіленген сомадан көбірек ақша жинасам немесе бірнеше депозит ашсам, сыйлықақы да көбейе ме?

Жоқ. Бір салымшыда бірнеше тұрғын үй құрылыс жинақ шоты болуы мүмкін, алайда мемлекеттік сыйлықақы соның тек біреуіне аударылады. Ал бір жыл ішінде жинаған ақшаңыз 200 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 612 600 теңгеден асып кетсе, онда мемлекеттік сыйлықақы берілмеген жинақ ақшасы келесі жылы ескеріледі.

Сыйлықақыны көбірек алудың бір жолы – "Отбасылық пакет". Салымшы отбасының әр мүшесіне депозит аша алады, сол кезде сыйлықақы әрқайсысына есептеледі. Кейін тұрғын үй алатын кезде отбасы мүшелері депозиттерін біріктіруіне болады.

5. Мемлекеттік сыйлықақы қай кезде бюджетке қайтарылуы мүмкін?

Үш жылдан аз уақыт қаражат жинасаңыз және депозитті мерзімінен бұрын жабамын деп шешсеңіз, мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады. Сол кезде осыған дейін жинаған ақшаңызды ғана аласыз.

Айтпақшы, мемлекеттік сыйлықақы Қазақстан Республикасының азаматтарының Отбасы банкіндегі депозиттеріне ғана есептеледі.