Алматы мен Бангкок арасында тікелей рейс ашылды

2025 жылғы 2 желтоқсанда алыс магистралды лоукост-тасымалдаушы Thai AirAsia X жаңа әрі көптен күткен Алматы – Бангкок (Дон Муанг) бағытын ресми түрде іске қосты.

Thai AirAsia X жаңа бағыт бойынша Алматыдан Бангкокқа аптасына төрт рет (сейсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері) Airbus A330 ұшағымен тікелей рейстерді жүзеге асырады.

Алматы – Бангкок бағытының ашылуы – Орталық Азияға кеңею аясында Thai AirAsia X үшін елеулі бизнес мүмкіндік. Тікелей әуе рейсі Бангкокқа ыңғайлы әрі қолжетімді саяхатты қамтамасыз етеді. Бұл – виза рәсімдемей-ақ қаланы тамашалап, жарқын әсер ала алатын Қазақстан азаматтары үшін тамаша таңдау, – деді Thai AirAsia X компаниясының бас директоры Паттра Бусаравонгсе ханым.

Тайланд астанасы Бангкок – әлемдегі ең жарқын әрі бірегей мегаполистердің бірі. Бұл қала кез келген саяхат стиліне сай келетін сауда, экономика және мәдениеттің динамикалық орталығы.

Қазақстан азаматтарын Бангкокқа келіп, қыстың суығын Тайландтың жылуына алмастыруға шақырамын. AirAsia-ның ауқымды өңірлік және халықаралық желісінің арқасында туристер Пхукет, Краби және Чиангмай сияқты танымал бағыттарға, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия өңірі мен одан тыс жерлерге саяхаттарын оңай әрі жайлы жалғастыра алады, – деп қосты Паттра ханым.

Қазіргі уақытта Thai AirAsia X әуе компаниясы Бангкоктан (Дон Муанг) Токиоға, Осакаға, Нагояға, Саппороға, Сендайға (Жапония), Сеулге (Оңтүстік Корея), Делиге (Үндістан), Шанхайға (Қытай), Эр-Риядқа (Сауд Арабиясы) және енді Алматыға (Қазақстан) 11 Airbus A330-300 ұшағынан тұратын паркті пайдалана отырып, тікелей рейстер орындайды.