Ресей Қазақстаннан келген 12 тонна балмұздақты кері қайтарды

Россельхознадзор Орынбор облысындағы Маштаково өткізу пунктінде Қазақстанда өндірілген 12,3 тоннадан астам балмұздақ өнімдерін Ресейге кіргізбей қойды.

Ведомствоның хабарлауынша, тасымалдаушы өнімнің шикізат көзін растайтын құжаттарды ұсынбаған. Яғни балмұздақ құрамындағы шикізаттың қауіпсіздік талаптарына сай екені және Қазақстандағы тіркелген, энцефалопатиядан таза шаруашылықтардан алынғаны дәлелденбеген.

Сонымен қатар ұсынылған ветеринарлық сертификаттағы өндірілген күн өнімнің маркировкасындағы ақпаратпен сәйкес келмеген. Құжаттарда сүт шикізатының инфекциялық аурулардан таза кәсіпорындардан алынғаны туралы мәлімет те болмаған.

Заңсыз тасымал фактісі үшін тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүк толық көлемде Қазақстанға кері қайтарылды.