Алматы облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза болып, екі адам жарақат алды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлап отыр.
Оқиға Алматы-Өскемен автожолының 94-шақырымында болған.
Полицияның мәліметінше, Changan маркалы көліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, алда келе жатқан жүк көлігінің артына соғылған. Соққыдан кейін жеңіл көлік жол қоршауына түйіскен. Сол сәтте арттан келе жатқан Toyota Estima көлігі Changan автокөлігіне соқтығысқан.
Әлеуметтік желіде тараған видеода апат сәті және көліктердің ауыр зақымданғаны көрінеді.
Полицияның мәліметінше, соққы күшімен Changan автокөлігінің қозғалтқышы жолдың қарсы бетіне ұшып барып, Ford Focus көлігіне тиген.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан Changan көлігінің екі жолаушысы оқиға орнында қаза болды. Аталған көліктің жүргізушісі мен Toyota Estima жүргізушісі түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
