Астанада ЖРВИ күрт өсті: бас санитарлық дәрігер қосымша шектеулер енгізді

Астананың бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева ЖРВИ деңгейінің күрт өсуіне байланысты жаңа қаулы жариялады.

Құжат бойынша, бір апта ішінде елордада 23 002 ЖРВИ жағдайы тіркеліп, сырқаттанушылық бір апта бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе артқан. Науқастардың 60% 14 жасқа дейінгі балалар — бұл 14 018 жағдай.

Медициналық ұйымдарға берілген тапсырмалар

ЖРВИ-дің таралуын тоқтату үшін қаланың бас санитарлық дәрігері медициналық ұйымдарға бірнеше міндет жүктеді:

  • үйге шақырту қызметін күшейту, қосымша көлік пен жанармай қамтамасыз ету;

  • медициналық персонал мен пациенттердің маска режимін қадағалау;

  • емханадағы адам санын азайту, қосымша қабылдау кабинеттерін ашу;

  • сүзгі-кабинеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;

  • жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балалардың шақыртуларын бірінші кезекте орындау;

  • емханалардың жұмыс уақытын 08:00–20:00 аралығына, демалыс күндері 08:00–18:00 аралығына дейін ұзарту;

  • вирусқа қарсы препараттардың қосымша қорын қалыптастыру;

  • ЖРВИ белгілері бар науқастарға онлайн-консультация ұйымдастыру.

Мектептерге қатысты шаралар

Астананың білім басқармасына да нақты тапсырмалар берілді. Олар:

  • 20 қараша – 5 желтоқсан аралығында кластағы оқушылардың 30% астамы ауырса, сол кластарды қашықтан оқытуға ауыстыру;

  • бір инкубациялық кезеңде 20–30% оқушы ауырса, кабинет жүйесін тоқтату;

  • мектептерде таңғы сүзгіні қатаң өткізу, ауру белгілері бар балалар мен педагогтарды сабаққа жібермеу;

  • ауру анықталған оқушыларды арнайы оқшаулағышқа орналастыру;

  • шұғыл жағдайда балаларды медициналық ұйымдарға дереу жеткізу;

  • оқшаулағыштар мен медпункттерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету;

  • мектеп ішіндегі температураны +18°С – +22°С деңгейінде сақтау;

  • барлық оқу орындарында бұқаралық іс-шараларды уақытша тоқтату.

Қаулының толық мәтіні ресми ресурста жарияланған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да