Түркістан облысы Жетісай ауданында қайғылы жағдай болды. Жер үйден шыққан өрттен 12 адам қаза болды, олардың тоғызы – бала.
Бұл ақпаратты төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі растады.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты марқұмдардың жақындарына көңіл айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты көңіл айтты. Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажет көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды, – деді Руслан Желдібай.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталып жатыр. ТЖМ өкілдері мен құқық қорғау органдары оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
