ҚДБ Қазақстандағы 17 серпінді жобаның 14-ін қаржыландыруға дайын

Қазақстанның Даму банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) елдегі 17 серпінді жобаның 14-іне қаржыландыруға қатысуды жоспарлап отыр.

Бұл туралы ұлттық экономика министрлігі хабарлап отыр.

Банктің аталған бастамаларға қатысу үлесі 2,6 триллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Жобалар металлургия және агроөнеркәсіп салаларындағы жоғары технологиялық қайта өңдеуді дамытуға бағытталған.

Павлодар облысында металлургиялық кластердің бірінші кезеңі мақұлданды. Екібастұзда Mineral Product International ЖШС жылына 80 мың тонна ферроқорытпа өндіретін зауыт салуды бастайды. Жоба іске қосылғанда 527 тұрақты және мыңнан астам уақытша жұмыс орны ашылады.

Қарағанды облысында Qarmet АҚ-тың жаңа №8–9 кокс батареяларын (жылына 2,45 млн тонна) және табиғи газ құбырын салу жобасы сараптаманың үшінші кезеңінде тұр. Бұл ішкі нарықты отандық кокспен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтады.

Қостанай облысында ERG-ге қарасты QazIron АҚ жылына 2 миллион тонна ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) өндіретін зауыт салмақ. Жоба әлемдік «жасыл» металлургия трендіне сай премиум шикізат шығаруды көздейді және 3000 жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Абай облысында қуаты жылына 300 мың тонна болатын KAZ Minerals Smelting мыс балқыту зауытына қатысты құжат жинау жүріп жатыр. Зауыт іске қосылса, мыңдаған тұрақты жұмыс орны ашылып, экспорттық әлеуеті жоғары дайын мыс өндірісі жолға қойылады.

Астанада Kazak Protein ЖШС бидай мен бұршақты терең өңдеу кешенінің құрылысы басталды. Жоба тірі бидай глютені мен модификацияланған крахмал өндіруді қамтиды. Ол елдегі стратегиялық маңызды ингредиенттер импортының орнын алмастыруға бағытталған.

ҚДБ мен ӨДҚ қолдауымен Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік зауыты рекордтық мерзімде іске қосылды. Зауыт Chery, Changan және Great Wall Motor брендтерін бір алаңда шығаратын әлемдегі алғашқы кәсіпорын саналады. Банк жобаларды кемінде 100 миллиард теңге құны, жоғары қайта өңдеу деңгейі, стратегиялық маңыздылығы және экспорттық әлеуеті бойынша қатаң іріктейді, — делінген хабарламада.