Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жеті ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген 2 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырылған.
Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті QazConstructions ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Күдіктілердің қатарында – QazConstructions ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар, — делінген хабарламада.
Аталған жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған болатын.
Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.
Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 миллиард теңгеден асады. Олар байланысы бар компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған, — дейді агенттік мамандары.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды. Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.
