«Алматы–Ташкент» Тальго пойызы енді күн сайын қатынайды

2025 жылғы 14 желтоқсаннан бастап «Алматы–Ташкент» халықаралық бағыты бойынша жүретін Тальго пойызының қозғалыс кестесі күнделікті режимге ауысады.

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Компанияның мәліметінше, жаңа кесте тәулігіне 400-ден астам жолаушыны тұрақты түрде тасымалдауға мүмкіндік береді.

Күнделікті қатынас пойыз қозғалысының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сапарларды жоспарлауды жеңілдетеді. Бұл шешім Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік қатынасын нығайтуға, туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға сеп болады, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, компания алдағы қысқы маусымға орай бірнеше бағытта пойыз қозғалысы кестесіне қосымша өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.

Ташкент пен Алматы арасындағы пойыз билеттерін bilet.railways.kz ресми сайты немесе теміржол вокзалдарының кассалары арқылы сатып алуға болады.