Әуезов ауданындағы 81 аумаққа алғаш рет жарық қосылды

Алматының Әуезов ауданында бұрын жарық жүйесі мүлдем болмаған 81 аумақта сыртқы жарықтандыру желісі орнатылды.

Бұл туралы аудан әкімі Абзал Егембердиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде айтты.

Жоба аясында қуат үнемдейтін 828 шам орнатылды, оның 507-і көше шамы, ал 321-і торшерлік шам. Жаңа желінің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асты. Жұмысты RKR Group and Co ЖШС атқарған.

Әкімнің айтуынша, бұл бастама тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру және қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асқан. Бұған дейін қараңғы болып келген аулалар мен көшелер енді жарықтанып, ауданның кешкі көрінісі айтарлықтай жақсарған.

Қазір мердігер ұйым ұсақ кемшіліктерді жойып, жүйенің толық жұмысын тексеріп жатыр. Сонымен қатар Сайын, Абай, Момышұлы, Төле би, Жандосов және Райымбек даңғылдарын жарықтандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұл істер қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүзеге асып жатыр.