Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың себебі қандай?

Клиникалық балалар психологы Әсем Ілесбай балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың түпкі себептерін түсіндірді.

Балалар мен жасөспірімдер суициді – қоғам үшін ең ауыр әрі шетін тақырыптардың бірі. Бұл тек отбасындағы тәрбие немесе материалдық жағдай мәселесі емес, ең әуелі – эмоциялық жай-күй мен ішкі конфликтінің көрінісі.

Психолог Әсем Ілесбайдың айтуынша, балалардың көпшілігі мұндай әрекетке саналы түрде бармайды. Бұл көбіне аффект күйінде, яғни қысқа мерзімді, бірақ өте күшті эмоциялық жарылыстан туындайды.

Әсем Ілесбай
Әсем Ілесбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бала өзін емес, ішкі процестерін жазалайды. Суицидтің бір себебі – осы. Ол өзіне емес, ішіндегі ауыр сезімге қарсы әрекет етеді. Психикасы ауыртпашылықты жеңе алмағандықтан, одан ажыраудың бір жолы ретінде осы қадамды таңдайды, – дейді маман.

Баланың бойындағы ішкі қақтығыстар, түсініксіз қорқыныш мен жалғыздық сезімі жинала келе сыртқа шығатын жол таппайды. Кейде ол ойын жеткізуге тырысып: «Мен өлсем, не істей аласыңдар?» деп, айналасындағылардың назарын аударғысы келеді. Алайда бұл сөздер кек емес, көмек сұрау болуы мүмкін.

Суицид – өткір травмалардың финиші. Оған жеткізбеу үшін ересектер баланың осындай күйін тыңдап, қабылдап, бірге өткеріп, оның сезімдерін құнсыздандырмауы керек. Себебі әр ересек адамның міндеті – баланың осы үнсіз үніне құлақ асу.

Балалар психологының айтуынша, «Неге бұлай істемекші?» дегеннен бұрын, «Ол не сезініп жүр?» деп сұрау керек. Баланың эмоциялық жай-күйін түсіну – өмірін сақтаудың алғашқы қадамы.