Еліміз бойынша 1 694 жаңа футбол алаңы қажет. Бұл туралы үкімет отырысында спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов айтты.
Министрдің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде демеушілер есебінен жаңа стадиондар салынып, ескілері жаңартылып жатыр.
Қызылордада 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай заманауи стадион пайдалануға берілді. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр, оны 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Жалпы, 14 жаңа стадион салу қажет, оның 10-ы бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындалып жатыр, – деді Ербол Мырзабосынов.
Сонымен қатар министр жұмыс істеп тұрған жеті стадионды қайта жаңарту қажеттігін айтты.
Қарағанды мен Орал қалаларында жөндеу жұмыстары басталды. Атырау мен Ақтау қалаларында жобалау құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Өскемендегі стадион жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Алматы және Жезқазғанда екі стадион бойынша құжат дайындау қажет, – деді ол.
Қазір елде 7 432 футбол алаңы бар, оның 1 420-сы жөндеуді қажет етеді. Қосымша қажеттік – 1 694 алаң.
Министрліктің мәліметінше, балалар футбол алаңдарын салу жоспары бекітіліп, жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба жүзеге асырылып жатыр.
