«Оңай» істемейді. Алматы тұрғындары метроға кіре алмады

Не болды?

Кеше, 3 қарашада Алматы метросында «Оңай» төлем жүйесі істемей, жолаушылар есік алдында тұрып қалды. Метрополитен жағдайдың себебін түсіндірді.

Мәлімет

Дүйсенбі күні әлеуметтік желіде ондаған жолаушының метроға кіре алмай тұрғаны тез тарады. Электрон төлем жүйелері істемей, адамдар кассадан жетон сатып алуға мәжбүр болған. Метроға кіру қиындап, соған байланысты жолдан қалғаны туралы жолаушылар өткен аптаның соңынан бері жазып жатыр.

Алматы метрополитені мұндай қолайсыздықты «Оңайды» QR-кодпен төлеу жүйесін сынақ түрінде енгізіп жатқанымен түсіндірді.

Сынақ барысында QR-кодтарды оқу баяулағаны анықталып, адам көп жүретін уақытта кептеліс болды. Соған байланысты QR-кодпен төлеу уақытша өшірілді, – деп хабарлады метродағылар «Қазақпарат» агенттігіне.

Контекст

Естеріңізге салайық, қазанның басында Алматы метросын турникеттерді жаңарта бастаған еді. Жолаушылар жолақыны енді  кіреберісте Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay сервисі бар банк картасы не смартфон арқылы төлей алатыны айтылған.