Комикс кейіпкерлерін өмірден алатын Айзере

Айзере Әділетқызы – Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектеп-лицейінің 6-класс оқушысы. «Балдырған» мен «Ақ желкен» журналдарының жас авторы. Айзере бос уақытында комикс пен әңгіме жазады. Оның шығармалары көбіне фантазия жанрында жазылады. Baribar тілшісі мектеп оқушысымен қиял әлемі туралы әңгімелесіп көрді.

Бос уақытым көп емес. Сабақтан соң хореография, би, әртістік шеберлік, дефиле, сурет сияқты үйірмелерге, кітапханаға барамын. Әр күнді пайдалы өткізгім келеді. Аптаның бір күні ғана демаламын. Алайда дәл сол күні қызық идея келеді. Қиялдап отырып әңгіме, комикс жазамын, — дейді Айзере.

Айзеренің алғашқы әңгімесі «Жәнібек» деп аталады. Бұл шығармада ол айналасына тым қамқор баланың оқиғасы арқылы маңызды ой айтқысы келген.

Айзеренің әңгімесі
Фотоны Айзере Әділетқызы ұсынды

Жәнібек – сабағын жақсы оқитын, мейірімді бала. Кластастары көмек сұрамаса да қамқор боп жүреді. Алайда ол бірде кластастарына көмектесемін деп, өзі нашар баға алып қалады. Мен бұл арқылы «адам көмекті өз еркімен сұрамаса, көрсеткен көмегіңнің маңызы жоқ» деген ой айтқым келді, — дейді автор.

Айзеренің айтуынша, оны әкесі мен анасы оны үнемі қолдап жүреді.

Айзере Әділетқызы
Айзере Әділетқызы. Фотоны өзі ұсынды

Кейде шығарма жазып отырғанда бір сөз есіме түспей жатса, ата-анамнан сұраймын. Олар маған кеңес беріп, көмектеседі. Өздері де — шығармашылыққа жақын жандар. Түрлі отбасылық дәстүріміз бар. Соның бәрі қиялымды дамытады, — дейді ол.

Ал шығармашылық шабыт көбіне суреттерден туады екен.

Идея жетпей тұрса, интернеттен фантастикалық суреттерді қарап шығамын. Сол суреттерге ұқсас етіп жаңа оқиғалар ойлап табамын — дейді автор.

Айзере әңгімесін алғаш журнал бетінен көргенде қатты қуаныпты.

Журналдан өз атымды көргенде қатты таңғалдым. Өзімді маңызды адам сезіндім, — деді ол эмоциясын жасырмай.

Жас автор әзірге достарына әңгімелерін көрсетпейді екен. Болашақта кітап шығарғанда ғана көрсеткісі келетінін айтты.

Фантастика ұнайды. Күлкілі әрі адамға үлгі болатындай кейіпкерлер жасағым келеді. Тіпті, бірнеше бөлімнен тұратын кітап жазуды армандаймын, — дейді ол.