27–30 қазанда Түркістандағы Olympic Center спорт кешенінде ересектер арасында қазақ күресінен Азия чемпионаты өтті. Жарысқа Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия, Үндістан, Иран, Жапония, Пәкістан сияқты елдерден 200-ге жуық балуан жиылды.
Baribar тілшісі Қазақстан құрамасының атынан қатысып Азия чемпионы болған спортшы Асылжан Кәріммен сөйлесіп, жеңісімен құттықтады.
Бұл — 82 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, Азия чемпионы болған Асылжанның ересектер арасындағы алғашқы ірі жеңісі.
Асылжан чемпиондық белбеуге дейін үш белдесу өткізді. Алғашқы айналымда моңғол балуанымен күресіп, жеңіске жетсе, екінші белдесуде өзбек спортшысын тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Шешуші күресте иран қарсыласын ұтып, Азия чемпионы болды.
Асылжан Кәрім Азия чемпионатына бір жыл бойы дайындалған. Өзі бұл жеңістің орны ерекше екенін айтты.

2024 жыл соңында Қазақстан чемпионатында жеңіске жеттім. Сол кезден бастап Азия біріншілігіне дайындық басталды. Бір жылға жуық жаттығу мен дайындық тоқтаған жоқ. Енді соның нәтижесін көріп отырмын. Бұл жарыстың мен үшін мәні ерекше. Себебі ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатым- осы, – дейді спортшы.
Асылжан Кәрім спорт жолын 2016 жылы Ғани Мұратбаев мектебінде бастаған. Алғаш рет күреске ауылдағы Наурыз мерекесінде және ас берілген жарыстарда шыққан. Табандылығы мен еңбегінің арқасында аз уақытта республика көлеміндегі жарыстарда көзге түсіп, қазақ күресінен Қазақстан чемпионы, белбеу күресінен әлем чемпионы болып үлгерген.
